Ақбауыр - тарихы тереңнен тамыр жайған қасиетті орын. Ұлан ауданында орналасқан ескерткіш талай жылдан бері зерттеушілердің назарына ілігіп, қызығушылықтарын оятты.Қойнауы құнды мекеннің әлі де ашылмаған құпиясы көп. Ал оны келешек ұрпаққа жеткізу баршаға ортақ міндет.Ғалымдар кешенді 2019 жылдан бері зерттеп келеді.
Бірнеше жылдан бері елімізге танымал археолог Зейнолла Самашев жетекшілік ететін топ «Ақбауыр» тарихи кешенінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 6 қоныстан көптеген тарихи құнды жәдігерлер, тас құралдар мен сүйектен жасалған әшекей бұйымдар табылған.
Бұған дейін тарихшылар сақтарды тек көшпенді деп келген. Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде олардың отырықшы ел екенін, кен өндіру мен өңдеу технологиясын өте жоғары деңгейде меңгергендігі анықталған. Бұдан бөлек, сақтар тек кен ғана емес, егіншілкпен де айналысқан деген болжам бар.
Биыл кешеннен 300-ге жуық тастан жасалған құрал табылған. Зерттеу жұмыстары осы қарқынмен жалғасса жәдігерлер саны екі есе артуы мүмкін дейді археологтар.