Тарбағатай ауданы күн санап қарыштап дамып келеді. Барлық салада өрлеу бар. Әсіресе, білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде ауданда жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көптен күткен білім ордалары жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек.
Жеке аудан болғалы бір кездері тіршілігі тоқырап қалған өңірдің бойына қан жүгіріп, үлкен өзгерістер келіп, жағымды жаңалықтар болып жатыр. Сондай қуаныштардың бірі Қабанбай ауылдық округіне қарасты Тәуке ауылында 80 орындық жаңа мектеп құрылысының басталуы. Қазір бұл ауылдағы ескі мектеп 60 оқушыға шақталған. Былтыр облыс әкімі Ермек Беделбайұлының Тарбағатай ауданы тұрғындарымен кездесуінде Тәуке мен Шолақорда ауылдары тұрғындары тарапынан ауылға жаңа мектеп ғимаратын салып беру туралы өтініш айтылған болатын. Ауыл тұрғындарының өтініші орындалып жаңа мектеп құрылысына қаражат бөлінді. Енді жаңа оқу жылын тәукелік оқушылар жап-жаңа мектепте қарсы алатын болады.
Жаңа мектеп құрылысы Қарасу ауылдық округіне қарасты Шолақорда ауылында да жүріп жатыр. Бұған дейінгі мектепті ауыл тұрғындары өткен ғасырдың аяғында өз күштерімен салған болатын. Бірақ оқу ғимараты да, оның жабдықталуы да әбден тозып, ескіріп кеткен. Ал Шолақордалықтар көптен бері қозғау салып жүрген жаңа білім ордасы ауылға кіреберістен бой көтеруде. Бұл мектептің сыйымдылығы 50 орын. Жанында балабақшасы да бар. Барлығы заман талабына сай жабдықталады. Оқушылардың еш кедергісіз білім алуына жағдай жасалмақ.
Аудандағы абаттандыру жұмыстары да қарқынды. Футбол, балаларға арналған ойын және воркаут алаңдары орнатылуда. Ауылдарда көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделуде. Аудан орталығынан алыс-жақын жатқан барлық дерлік елдімекендерде медпунктер ашылып жатыр. Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де ойдағыдай шешімін табуда.
Жаңа мектептер құрылысы Тарбағатай ауданы әкімдігі, облыстық білім басқармасы және мердігер компания арасындағы үш жақты меморандум аясында жүзеге асуда.