Биыл Зайсанның егіншілері 15 мың гектар аумаққа егін еккен. Бірнеше жылдық құрғақшылықтан кейін бұл әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Жаздың жауынды басталғаны шаруаларға оңтайлы тиді. Алқаптарға келіп жатқан су да мол. Дегенмен, бұл табиғат сыйын есепсіз қолдану деген сөз емес. Шаруалар осы жылы суды да үнемді, жаңа жолмен пайдалануда.
Қай ел болмасын су мәселесі бірінші орында. Көп жерде су тапшылығы қатты сезілуде. Біздің ел де одан шетте емес. Гидрологтар суды үнемдеуді айтып, дабыл қағып жүр. Бір ғана мысал, елімізде ауыл шаруашылығына қажет су тарту жылына шамамен 13 текше шақырым. Оның 9 текше шақырымы арықтар арқылы ағып, суару кезінде ысырап болады екен. Сондықтан, зайсандық фермерлер егін алқаптарын суару кезіндегі үнемге айрықша мән берген. Егіншілер қажетті ауыл шаруашылық техникаларымен қамтамасыз етіліп, су тартуға керек қондырғыларға қол жеткізді.
Тамшылатып суарудың тиімді тұстары көп. Диқандар үшін ыңғайлы. Өйткені, тыңайтқыштар мен құнарлы заттар жоғалмайды. Ой-шұңқыры көп алқаптарды те¬гіс¬теудің керегі де жоқ. Топырақ сапасы төмендемей, арамшөптердің өсуі де азаяды. Қарасай елді мекеніндегі «Әмір» шаруа қожалығының егіншілері осы әдіске биыл алғаш рет көшіп отыр. Бастысы – суды пайдалану тиім¬ділігі жоғары. Себебі, қайта қолданылған суды қауіпсіз іске жаратуға келеді. Осыдан, суарудың басқаша түріне қарағанда шығыны аз.
Тамшылатып суару Зайсан ғана емес, жалпы шығыс шаруалары үшін тың әдіс деуге болады. Тиімді істің тағы бір тетігі – суаруға қажет заттарды өзімізде дайындау. «Әмір» шаруа қожалығының алдағы жоспарында осындай зауыт ашу бастамасы бар. Шаруалар тамшылатып суарғанда арықтағы судың бестен бір бөлігі ғана кететінін айтады. Оның үстіне керекті заттар жергілікті жерде шығарылса, пайда шаш етектен болмақ. Бір ғана Қарасай елді мекенінде 5600 гектар егістік жер бар. Мақсат – бос жатқан жер мен мол суды дұрыс пайдалану.