Ауыл тұрғындарының табысын молайтып, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ел Үкіметі «Ауыл аманаты» жобасын қолға алған болатын. Аталған бағдарлама өткен жылы толық іске қосылды. Кәсіп ашып, нәсіп табам дегендерге барлық мүмкіндік жасалған. Қарыз алушыларға төмендетілген, яғни 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Несие мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін. Өткен жылы бағдарлама бойынша облыста 200-ден аса адам шағын несие алған.

Катонқарағайлық азамат Маратбек Имашев шаруашылық жүргізудің қыр-сырын жақсы біледі. Осы кәсіптен нәсібін тауып отырған ол өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған. Белқарағай ауылы маңындағы 45 гектар жерге дәнді – дақыл еккен.

Осы бағдарлама арқылы несие алып, іс бастаған тағы бір ауыл тұрғыны – Гауһар Таукенова. Аудан орталығына Қарағанды қаласынан көшіп келген. Бүгінде жылыжай ісін қолға алды.

Әзірге өнім түсімі шамалы болғандықтан барлық сауда нүктелерін қамту мүмкін емес. Сондықтан дайын өнімді әзірге тек Катонқарағай ауылындағы дәмханалардың біріне өткізуде.

Өткен жылы аудан тұрғындары бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алған алғашқы үштікке енді. Биыл да шарапаты мол бағдарламадан үміттілер көп.