Олжас Бектенов алдымен Риддер ЖЭО-ға барып, жылу көзін реконструкциялау қарқынымен танысты. Орталық қызметін тексеру кезінде Премьер-Министрге №4 және 5 қазандықтардағы апаттан кейін орта қысымды қазандық агрегаттарын жаңғырту және стансаны қалпына келтіру туралы баяндалды. 1956 жылы пайдалануға берілген ЖЭО бүгінде 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жабдықтың ағымдағы тозуы 57,7%-ды құрайды. Риддер ЖЭО «қызыл аймаққа» жататын 19 жылу көзінің тізіміне енген. Мемлекет басшысы биылғы ақпанда өткен кеңейтілген отырыста Үкімет алдына осындай нысандарды шұғыл жаңғырту жұмыстарын биыл аяқтау міндетін қойған болатын.

Биыл энергетика инфрақұрылымын реконструкциялауға 8,5 млрд теңге: атап айтқанда, Үкімет қаулысымен резервтен шамамен 7,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Қазандық агрегаттарын жөндеуге 5,5 млрд теңге, тарату құрылғысын реконструкциялауға 280 млн-нан астам, 19 км жылу желілерін жаңғыртуға тағы 2,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Премьер-Министр жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдетіп аяқтау қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда инженерлік желілер 58,4%-ға, 32 орталықтандырылған қазандық 51%-ға, гидроэлектростансалар 69%-ға және ЖЭО 52%-ға дайын. Премьер-Министр Энергетика министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.