Глубокое ауданында «ҚР ат спорты федерациясының кубогына" арналған ашық республикалық жарыс өтті. Паралимпиадалық және арнайы олимпиадалық бағдарламалардың спортшылары үшін ұйымдастырылған шараға қатысушылар елдің түкпір-түкпірінен жиналған. Жарыс Өскемен қаласының іргесіндегі «Титан» ат спорты клубының манежінде ұйымдастырылды.

Дүбірлі додаға мүмкіндігі шектеулі отыздан астам шабандоз қатысты. Сайысқа бақ сынап келгендер қатарында өңір қатысушыларынан бөлек, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы және астаналықтар бар. Жарысты ҚР Ат спорты федерациясы «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» ҚБ, "Казцинк" ЖШС мен Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Бұл жарысқа жасөспірімдерден бастап, ересектер арасындағы мүмкіндігі шектеулі жандар бекітілген бағдарлама бойынша сынға түсті. Маңғыстау өңірінен келген Ерханат Қарымсақов жүлдеден үмітті екендігін аңғартты.

Барлық қатысушы қиындығына сай, бес деңгей бойынша мүмкіндіктерін байқап көрді. Өскемен намысын қорғап шыққан Ринат Бектұрсынов тұлпарын тізгіндеп шығып, жаттығуларды мінсіз орындады.

Бұл дода – мүмкіндігі шектеулі шабандоздар үшін елде өткізілетін жылдың жалғыз жарысы. Ат спорты сайысы қатысушылардың деңгейіне қарай бірнеше топқа бөлініп өткізіледі. Ал осы жолы облысымызда өтіп жатқан республикалық сайыс спортшыларға алдағы ел чемпионаты алдында өз күштерін сынап көруге мүмкіндік беріп отыр.