Спорт сарайында "Казцинк" ЖШС металлургтер күніне орай отандық эстрада жұлдыздарын шақырып, мерекелік концерт ұйымдастырды. Кеш барысында дәстүрлі "Ізгі жүрек" сыйлығы табысталды. Айта кетейік, бұл марапат адам өміріне араша болған жандарға беріледі.

Үздік үштік төрт апта ішінде дауыс беру арқылы анықталды. Жеңімпаздарға 1 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйақы және бағалы сыйлықтар табысталды. Марапатталғандардың бірі – Еламан Нукушев. Ол суға батып бара жатқан 13 жастағы жасөспірімді құтқарып қалған.

Ержүрек жандарға сыйлықтарды атақты спортшы, Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова табыстады.

Сондай-ақ, мұз айдынының кіреберіс залдарында қала тұрғындарына арналған ойын-сауық, интерактивті викториналар, мерекелік сауда-саттық, фотозоналар ұйымдастырылып, барша келушілерге балмұздақтар тегін таратылды.

Кеш қонақтары үшін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина мен танымал әнші Садраддин өнер көрсетіп, көпшілікке қуаныш сыйлады.