Риддерде алғаш рет трейлранниг пен скайраннингтен «Radon Race» жарысы өтті. Жарысқа Қазақстанның бірнеше қалаларынан келген азаматтар, тіпті көршілес Ресейден келген спортшылар қатысты. Жарыс ережесі бойынша қатысушылар үш қашықтықты бағындырды.

Риддер қаласы тұмса табиғатымен ерекшеленетін аймақтардың бірі. Қазіргі таңда мұнда туризм саласын дамытуға барлық жағдай бар. Ал Риддер қаласының спортшылары қандай спорт ойындары болмасын, әрдайым көш бастап келеді. Өткен жарыс соның дәлелі. Өйткені, спортшылар теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан трассадан жүгіріп өтті. Бұл спорт түрі скайраннинг. Ол дәстүрлі тау жүгірісінен экстремалды жағдайлармен және техникалық жағынан қиын жолдармен ерекшеленеді.

Жарысқа Қазақстан мен Ресей Федерациясынан 75 спортшы қатысты. Олар бұл жарыста бастысы жеңіске жету емес, қатысу деген пікірде.

Қатысушылар арасында алғаш рет экстремалды спорт түрінде өз күштерін сынауға келгендер де аз емес. Лилия Евсеева зейнет жасында үйде отырғаннан гөрі тау бөктерінде қыдырып демалғанды ұнатады екен.

Тау жолдарымен жүгіру жағымды эмоцияларды сыйлайтыны рас. Бірақ бұл спорт түріне кез-келген азамат бара бермейді. Дегенмен, жыл сайын әртүрлі елдерде осы спорт түріне деген қызығушылық артып келеді. Оны жарысқа келген спортшылардың қарқынынан да байқауға болады.

Жарысқа келген қатысушылар «Серый луг» демалыс базасының аумағында аялдады. Онда олар жергілікті табиғаттың әсем бейнесін тамашалай алды.

Қатысушылар арасында Испандық Педро Кастро да бар. Ол бала кезінен спортпен шұғылданады. Риддер тауларындағы жарыс туралы білгеннен кейін бірден жарысқа қатысу туралы шешім қабылдаған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар спортты дамытуға ғана емес, өңірдегі туризм саласына да серпін береді. Өйткені, көптеген саяхатшыларды тартады. Жарыс соңында қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл жарыс дәстүрге айналып, келесі жылы да өз жалғасын таппақ.