Шығысқа іс-сапармен келген Премьер-Министр Олжас Бектенов облыс металлургтеріне Президент атынан марапаттар табыстады. «Құрмет» орденімен «Казцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен шебер Алексей Мордовин, слесарь-жөндеуші Михаил Мещеряков, ал, «Ерен еңбегі үшін» медалімен катодшы Айдарбек Жақыпов марапатталды.

Тау-кен металлургия кешені қазіргі уақытта 195 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – Қазақстанның бүкіл өнеркәсібіндегі жұмысшылар санының шамамен үштен бірі. Өндірістің жалпы көлемінің басым бөлігін өңдеу өнеркәсібі алады.

Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кәсіпорнының зауыттары еліміздің алты аймағында орналасқан. Табиғатты сақтау технологияларын белсенді түрде енгізудің арқасында зиянды қалдықтардың көлемі 4 есеге азайған. Қазіргі таңда «Казцинк» ЖШС-нде 30 мыңға жуық қызметкер бар. Олардың 10 мыңға жуығы кемінде үш және одан да көп мамандықты меңгерген білікті азаматтар.

Мереке қарсаңында 20 жылға жуық еңбек өтілімі бар Айдарбек Жақыпов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда жұмысқа жастар көптеп келіп жатыр, дегенмен ауыр жұмыс болғандықтан оны әрі қарай алып кету оңай емес,- дейді.

 «Казцинк» ЖШС қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды жобаларды іске асырып келеді. Қазірдің өзінде компания құрылған сәттен бастап табиғат қорғау шараларына 96 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсаған.