Риддерде «Убинские распевы» ауқымды фестивалі өтті. Шарада облыстағы өнер ұжымдары келушілерді әсем әнмен қарсы алды. Жиналған қауым спорттық шараларға қатысып, өңірдегі қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысты. Әріптесім Қарақат Жақсылыққызы рет-ретімен.

Фестивальге орай тау бөктерінде киіз үйлер тігілді. Ауданның көрікті жерінде өнер көрсеткен өнерпаздардың өнерін көруге республиканың әр өңірінен келген жұртшылық куә болды.

Риддер қаласы бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән береді. Жыл сайын әртүрлі спорт түрлерінен спортшылар қалыспай қала атын шығарып, көш бастап жүр. Сонымен қатар, көзтартар табиғатының арқасында туризм саласы да қарқынды дамым келе жатқан аймақтардың бірі. Шараға түрлі қолөнер бұйымдарымен шеберлер де қатысты. Әрбір бұйым жаңа технологиямен жасалған.

Фестивальде ағаш, тері, мата, киіз және т.б материалдардан жасалған бұйымдарды көруге болады. Тоқыма өнерінің қыр-сырын меңгерген Светлана Алексееваның жұмысы ерекше назарға ие болды. Ол бала күнінен осы іске қызықтым дейді, қазір сүйікті ісі оның күнделікті жұмысына айналған.

Кез келген шараның көркі де, мәні де шараға жиналған көпшілік. Ал мұндай шарадан қалмай келетін жұртшылық үшін бұл үлкен мереке. Облысымызда осындай өнерпаздардың бар екенін көру үлкен мақтаныш дейді жиналған қауым.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Әуезді ән шырқалып, би кеші ұйымдастырылды.

Жиналған қауым қазақтың ұлттық ойындарына қатысып, өз бақтарын сынады. Бүлдіршіндер де сайыстан қалыс қалмай өз күштерін көрсетті.

Аудан тұрғындары фестивальді көтеріңкі көңіл-күйде өткізді. Алдағы уақытта да бұл игі бастама өз жалғасын таппақ.