Облыс орталығында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жұмыс іздеп жүрген азаматтар қалаған мамандығы бойынша жұмыс берушімен бетпе-бет жүздесіп, сұрақтарын қойды. Аталған шараға мұрындық болған "Amanat" партиясы жанындағы "Jastar ruhy" Жастар қанаты қоғамдық бірлестігі.

Жәрмеңкенің мақсаты – өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Шарада жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің қарасы қалың. Қолына дипломын алған жас мамандар үшін мұндай жәрмеңке таптырмас мүмкіндік.

Жәрмеңкеге өңірдегі мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындардан 100-ге жуық жұмыс беруші қатысты. Оның ішінде Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің «Қайсар» құтқару батальоны бар.

Бұл жерге келген азаматтар бос орындар жайлы біліп, жұмыспен қамту орталығының қызметімен таныса алады. Сондай-ақ, түйіндеме жасап, жұмыс беруші алдында әңгімелесуден өтуге мүмкіндік бар. Айта кетейік, бұл шара жыл сайын ұйымдастырылады.