Глубокое кентінде қыста халықты үздіксіз, сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыс атқарылуда. Қазір аудан аумағында дербес қазандықтарды жөндеу және жылу желілерін қайта жаңарту жобасы іске асырылып жатыр. Кент әкімі бірқатар нысанды аралап, жылу маусымына дайындық шараларын пысықтады.

Қыстың қамын жаз ойла, демекші Глубокое ауданының көпқабатты тұрғын үйлері қысқы жылыту маусымына, көктемде-ақ кіріскен. Аудан орталығындағы 43 көппәтерлі тұрғын үйлердің су құбырлары ауыстырылып, шатырлары мен төбе жабындыларына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Попович, 46 мекенжайында тұратын кент тұрғыны Андрей Ақышев осы жылы тоңбай, жылы пәтерде қыстап шығатынына сенімді. Себебі, отыз жылда алғаш рет былтырдан бастап Глубокое кентінде кварталішілік жылу желілері жаңғыртылып жатыр.

Глубокое кентінің Пирогов, 8 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары да пәтерлерінің қыста жылы болатынына сенімді. Өз күштерімен де қазір жылыту маусымына тыңғылықты дайындалуда.

Айта кетейік, биыл Глубокое ауданында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде төрт жоба іске асуда. Соның бірі — «Глубокое кентінің жылу желілерін қайта жаңарту» жобасы. Жыл соңына дейін 10,2 шақырым құбыр желісі ауыстыру жоспарланған.