Биыл облыс бойынша Тауарлы сүт фермаларын салу және қайта жаңарту бағытында 6 жобаны қаржыландыруға бюджеттен 10 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Инвестицияланған ірі жобалардың бірі «Мойылды Байқоңыр» ЖШС. Мұнда жылына 6500 тонна сүт өндірілетін болады.
Полянское ауылында 1075 бас ірі қара малға арналған тауарлы сүт фермасы қазан айында пайдалануға берілмек. Бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің ірі инвестициялық жобаларына жеңілдетілген, бюджеттік кредит беру бағдарламасы шеңберінде іске асуда.
Әлемдегі ең озық ауыл шаруашылық техникаларын пайдаланып, құрылғыларды орнатуға шет елден арнайы мамандар алдырған ферма басшысы мемлекеттен берілген қолдауды барынша тиімді пайдаланып жатқанын айтты. Қазан айында 460 бас сүтті бағытта гольштин-фриз қара ала сиырын алып келу жоспарда, дейді. Алдағы уақытта бұл жерде 80 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, инвестициялық жобаның таныстыру семинарына республикалық фермерлер одағының әр өңірден келген төрағалары да қатысты. Олар ауыл шаруашылық саласындағы білімдері және тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. Шараға арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылық саласының алдында үлкен мінддеттер тұрғанын атап өтті.
Қазір нысанда 180-ге жуық адам жұмыс істеуде. Жобаларды іске асыру облыс бойынша тауарлы сүт фермаларының сүт өндіру көлемін жылына 40 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік бермек.