Табиғат жанашырлары туристік аймақтарды басты назарға алған. Мәселен, осы демалыс күндері «Таза Қазақстан» акциясы аясында Сібе көлінің жағалуы күл-қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымының ашылу салтанаты өтті. Дәстүрлі шараға 80-ге жуық адам қатысты. Олардың ішінде студенттер, мектеп оқушылары, жастар ұйымдарының мүшелері, эко-белсенділер, еріктілер бар.
Сібе көлдері - Ұлан ауданында. Тау арасындағы тостағандай әдемі бес көл. Қалаға жақын болғандықтан, жаз шыға мұнда демалушылар көбейеді. Сондықтан «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен жастар ұйымдарының мүшелері осы жерде тазалық жұмыстарын жүргізуді ұйғарған.
«Жасыл ел» еңбек жасағы қатысушыларының негізгі бөлігі шілде айының бірінен жұмысқа кірісті. Бұл жоба жастарға қаламызды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатыса отырып, қаражат табуға мүмкіндік береді.
Ұлан ауданының табиғаты ерекше көз тартады. Алайда, қолда бар жердің бағасына жете алмай жатамыз. Ол үшін қарапайым қағиданы ұстансақ болғаны. Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов қоқыс тастамайық деп экомәдениетті қалыптастыруға шақырды.
Осылайша, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары Сібе көлдерінің жағалауындағы күл-қоқысты жинап, сұрыптау орталығына жарамды қалдықтарды өңдеуге өткізіді.