Өңірде есірткіге қарсы күрес екпіні күшейіп келеді. Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, күрес күшейген сайын, есірткіге әуестенушілер әккі әрекеттер ойлап табады. Жыл басынан 160-тан астам қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде қылмыс бойынша 85, құқық бұзушылық бойынша 75 факт тіркелген.
Есірткі - қазір әлем бойынша ең күрделі қауіп-қатердің бірі. Соңғы 10 жылда дүниежүзінде оған тәуелді адамдардың қатары артқан. Сондықтан есірткімен күрес өңірде еш бәсеңдеген емес.
Аймақта синтетикалық есірткі тұтынатындар көбейген. Бұл аса қауіпті әлеуметтік кесел. Жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 62 кг-нан астам есірткі тәркіленген. Оның ішінде 6 кг синтетикалық есірткі.
Өңірде «Amanat» партиясының «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп біршама іс-шараларды ұйымдастырып жүр. Осы бағытта жастармен де профилактикалық жұмыстар жыл басынан бері бірнеше рет өткізілген.
Мамандардың негізгі мақсаты, көлеңкелі бизнестің жолын кесу. Жастарды салауатты өмір салтына шақыру.