Аймақта сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізу жұмыстары күшейтілді. «Қазселденқорғау» мамандары және өңірдің құтқарушылары таулы жерлерде қауіпті учаскелерді үнемі бақылауда ұстап отыр. Облыс аумағында 144 мореналық көл орналасқан. Олар жыл сайын тексеріледі. Мамандар көлдерді мұздан толық ашылғанға дейін және сел қаупі бар жағдайларды бақылау үшін тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Облыстағы 13 өзен бассейні сел қаупін тудырады. Сел қаупі бар кезеңнің басынан бастап маусымдық 9 гидропост және Катонқарағай ауданының Сарымсақты өзенінде жыл бойы 1 гидропост жұмыс істейді. Барлық гидропосттар тәулігіне үш рет гидрометеорологиялық өзгерістер туралы ақпарат береді. Бүгінгі күні Тұрғысын, Сарымсақты, Бұқтырма және Берел өзендерінің бассейндеріне аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Зерттеу кезінде мұздықтардың қарқынды еру белгілері анықталған жоқ, мұздықтарда қардың біртіндеп еруі байқалады.

Енді Громотуха және Белая Уба өзендері бассейндеріндегі биік таулы мореналық көлдерге ат көлігімен батиметриялық өлшеулер жүргізу жоспарлануда.