«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында «Таза бұлақ» апталығы жалғасуда. Шараға облыстың әр елді мекен тұрғындары белсене атсалысып жүр. Бұл жолы Ұлан ауданы Томарашы ауылының азаматтары үйреншікті аумақты емес, ауылдан алыстап бұлақ-бастаулардың көзін ашты. Бабадан қалған игі дәстүр қайта жаңғырғандай.
Ауылдағы ағайынның бастамасымен демалыс күні бұлақ басында тазарту жұмыстары жүргізілді. Жұртқа үлгі, болашаққа өнеге болатын игі шараға 50-ден астам адам қатысты. Онда Бозанбай ауылдық округінің тұрғындары мен Жәнібек бабаның ұрпақтары бір кісідей жұмылды.
Шараға «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен жастар ұйымдарының мүшелері де қатысты. Олар да осы жерде тазалық жұмыстарын жүргізуді ұйғарған.
Экологиялық жобалар мен мемлекеттік түрлі бағдарламалар жастарды патриот болып өсуге тәрбиелейді, дейді аудандық жастар ресурстық орталығының әдіскері Бауыржан Бегалиев.
Ұлан ауданының табиғаты ерекше көз тартады. Алайда, қолда бар жердің бағасына жете алмай жатамыз. Ол үшін қарапайым қағиданы ұстансақ болғаны. Бозанбай ауылдық округінің әкімі қоқыс тастамайық, айналаға қамқор болайық, деп экомәдениетті қалыптастыруға шақырады.
Тазалық жұмыстарының нәтижесінде 2 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Игі шара ауданда жалғасын табады. Жалпы, Ұлан ауданы мұндай сенбіліктерде өте белсенді. Ауданның табиғаты әсем, көркі көзтартарлық. Сондықтан, туристік орындары мол. Бір сөзбен, ауданның көрікті орындары үзілмей тазаланып тұрады. Көл айдындары, демалыс орындары мен саябақтарда қалған қоқыс үнемі шығарылады. Бұл істің басында жүрген азаматтардың айтуынша, басты мақсат – азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру. Әсіресе, жастарға қоршаған ортаны құрметтеу құндылығын насихат ету көзделген. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұлан азаматтары әр істе ұйымшыл. Қар ерігелі бері елді мекендердің көшелерін, тарихи, мәдени орын аумақтарын тазалап келеді. Себебі, маңызды істе көп мән жатыр. Бұл жолы тазалық жүргізген азаматтар пайдалы шарамен қатар тағы бір жақсы істі атқарды. Азаматтар экоакциядан соң бас қосып, жергілікті тұрғындар үшін орыны бөлек Жәнібек баба рухына бағыштап ас берді.