«Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасып жатыр. Экологиялық акцияда Риддер халқы да белсенді. Бұл жолы кеншілер қаласының тұрғындары Журавлиха өзенінің маңайын тазартуды қолға алған. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шара жайлы әріптесім тарқатсын.

 «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Риддер қаласы бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары, Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев, депутаттар, 200-ден астам қала тұрғыны, сондай-ақ еріктілер қатысты. Аталмыш акцияға Шығыс өңірінің ақыны Аян Қалымбек те қатысып, экологиялық акцияның ашылу салтанатында қатысушыларға өзінің арнауын тарту етті.

Қоғам арасында мұндай іс-шаралардың өткізілуі жақсы дәстүрге айналды. Мұндай акцияларды өткізудің мақсаты - тұрғындарды экологиялық мәдениетке және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыру, дейді қатысушылар.

 «Жасыл ел» сарбаздары тазалық акциясына білектерін сыбана кіріскен. Еңбек жасағының жастары екі ай бойы қаланы абаттандыруға өз үлестерін қосты. Белсенді жастар көшбасшысы Артур Гончаровский бұл біздің жер анаға деген көрсеткен құрметіміз, дейді.

Осы уақытқа дейін Риддер қаласында 10 тоннадан астам қоқыс шығарылып, қосымша қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстар жүргізілген. Алдағы уақытта арнайы техника санын және қалада тазалықты сақтауға жауапты қызметкерлер штатын ұлғайту жоспарлануда.

Айта кетейік «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына облыс бойынша 533 мың адам қатысып, 6,4 мың арнайы техника жұмылдырылған. 204 саябақ пен бақтар, 323 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы және 859 әлеуметтік нысандарды тазарту жұмыстары жүргізілді. 6,8 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 370 шақырым арық тазартылған.