Қазір шаруалар мен диқандар үшін қауырт шақ. Жаздай күтіп баптаған өнімінің жемісін көретін мезгіл. Ауа-райының қолайлы кезін тиімді пайдалып, егістік алқаптарын шығынсыз жинап алу маңызды. Глубокое ауданы, Тарханка ауылындағы өңірге белгілі «Семена масличных» ЖШС бүгінгі күні дәнді-дақылдарының 30 пайыздан астамын жинап алды. Элиталық тұқым шаруашылығында 50–ге жуық адам еңбек етеді. 90 жылдардың соңында негізі қалған шаруашылық бүгінде егістік алқабын кеңейтіп, 4 мың гектар жерге дәнді-дақылдардың элиталық сұрыптарын өсіруде. Шаруашылық өнімі өзге өңір шаруалары арасында да сұрынысқа ие.

Амантай Қашқанов трактор жүргізушісі. Тарханка ауылындағы «Семена масличных» ЖШС жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл болды. Марқакөлден қоныс аударған азамат еңбек еткен адамның несібесі мол деген ұстанымда.

Биыл көктемде ылғал жоғары, ал жаз жауын-шашынды болды. Соның нәтижесінде егін бітік шықты. Соңғы жылдары шаруашылық осы саладағы тың жобалар мен жаңа технологияларды қолданысқа енгізді. Өткен жылы лизингке екі жаңа комбайн сатып алды.

«Семена масличных» ЖШС майлы және дәнді дақылдарды селекциялаумен, будандастырумен айналысады. Осы бағытта ғылыми топ еңбек етеді. Мәселен, күнбағыстың, бидайдың өзге де майлы және дәнді дақылдардың элиталық бірнеше түрін өсіреді. Бірқатар өңірлер осы шаруашылық өнімін қолданады.

Мамандардың айтуынша биыл Глудокое ауданы шаруаларының әр гектарынан жинаған өнім өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 8 центнерге көп. Қазіргі мақсат егінге орақ салған шаруалардың өнімін ысырапсыз дер кезінде жинап, қамбаға құю.