Испанияның Понтеведра қаласында 2-8 қыркүйек аралығында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында күрес түрлері бойынша әлем чемпионаты өтті. Осы тартысты додада өңірдің екі спортшысы жеңіс тұғырынан көрінді. Жүлдегерлерді Өскеменде туған-туыстары, жанкүйерлері қарсы алды.
Понтеведра төрінде өткен сайысқа жерлестеріміз грек-рим күресі бойынша қатысты. Темірлан Алтайұлы 87 келі, Оңдасын Зинатбекұлы 60 келі салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып, боз кілем үстінде белдескен спортшыларды өскемендіктер өзіндік сан-салтанатымен қарсы алды. Әннен шашу шашып, ізгі тілектерін жеткізді.
Екі спортшы да грек-рим күресінен Азия біріншілігінде топ жарып үлгерген. Спорттағы жетістіктері де аз емес.
Жаттықтырушылардың айтуы бойынша екі спортшының дайындығы жақсы. Болашағынан үміт күттіретін палуандар.