Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігіне тоқталды. АЭС – ең арзан әрі қоршаған ортаға зиянсыз технология. Энергетик мамандар осылай дейді. Әрі АЭС салу елімізді энергия тапшылығынан тәуелсіз етіп, ірі инвесторлардың келуіне де жол ашады.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтеді. Мұны Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді. Президент «Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ» деді. Әрі осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қаланатынын жеткізді. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Қазақстанның да экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етеді. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады деді президент.

Елімізге АЭС салу мәселесі бір жыл көлемінде қоғамда ашық талқыланды. Түрлі сарапшылар АЭС не үшін керек және мұның жылу, жел және су станцияларынан артықшылығы қандай деген сауалға жауап іздеді. Бүгінде Қазақстанда 37 – жылу, 59 – Жел, 45 – күн, 39 – су және 3 – биогаз электр стансасы бар. Осы станциялардың барлығынан биыл елімізде 60 млрд кВт электр энергиясы өнідірілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 4%-ға көп. Алайда, электр энергиясының бағасы 32%-ға қымбаттаған. Себеп, жыл санап сұраныс артып, энергия тапшылығы сезіле бастады.

Яғни, ғалымдар 10 жылда ел тұрғындарының 30 пайызы жарықсыз қалуы мүмкін дейді. Өйткені біздегі бар стансалардан өндірілетін энергия көзі тұрақты емес. Газ тапшы. Көмір зиян. Экономиканы ілгерлету үшін Қазақстанға тұрақты энергия көзі қажет. Мамандардың айтуынша, оны тек Атом электр стансасы қамтамасыз ете алады. АЭС салынатын болса тапшылықтан құтылып, елге ірі инвесторларды тартуға мүмкіндік туады.