Аймақтағы аңшылар мен балық аулаушылар бірлестік мүшелігіне қабылданатын біржылдық жарнаның өсуіне наразы. Ортақ шешімге келу мақсатында ұйымдастырылған жиында бірлестіктің баға саясатына қатысты мәселесі қаралды.
Жиынға қатысушылардың бір бөлігі мүшелік жарнаға қатысты өзгерістерді жан-жақты зерттеу жүргізген соң енгізу керек деп санайды.Бағаның өсуі аталған саланың дамуына да серпін беруі тиіс деген азаматтар да бар. Мәселен, жаңа жылдан бастап мүшелік жарна құны жалпыға бірдей 40 000, ал зейнеткерлерге 35 000 теңгеге өспек. Жарна көлемі бұған дейін сегіз мың теңге болған көрінеді.
Қоғамдастық аңшылардың пікірін тыңдауға дайын екенін айтады. Бұдан бөлек, бірнеше шараларды жүзеге асыруды да қолға алмақ. Атап айтқанда аңшылық алқаптарды қорғау, жабайы жануарларды есепке алу жұмыстарын жүргiзу, қорықшылық қызметін ұйымдастыру.Әрине бұл үшін қаражат қажет. Мүшелік жарна сомасы аңшылық шаруашылықтары директорларының қатысуымен өткен Кеңесте талқыланып, олардың ұсыныстары бойынша 40 мың теңге болып бекітілген деген уәж айтты
Жиын соңында ортақ шешім шығару үшін арнайы топ құру туралы шешім қабылданды.