Облыс орталығында хоккей маусымының ашылуына орай баспасөз конференциясы өтті. Оған «Торпедо» құрамасы мен «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев қатысты. Кездесуде хоккей маусымына арналған жоспарлар баяндалды. Команда құрамындағы өзгерістер талқыланып, спортшылардың Қазақстан чемпионатына дайындығы айтылды.

 «Торпедо» жігіттері алдағы әлем чемпионаты, Азия ойындары сынды жарыстарда бақ сынайды. Бүгінде универсиада сияқты ауқымды ойындарға қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізу басты мақсат. Бас жаттықтырушының айтуынша қазір спортшылар 15 қыркүйекте Ақтөбеде өтетін ел чемпионатына белсенді дайындалуда.

 «Торпедо» хоккей клубының басшылары бүгінгі таңда жастар құрамасы жақсы ойын көрсетіп жүргендігін айтады.

 «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревтың сөзінше «Торпедо» командасы еліміздегі ең мықты хоккей клубтарының бірі. Сондықтан команданың бас демеушісі ретінде әрқашан спортшыларды қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Баспасөз конференциясы барысында команда мүшелері әрбір ойынға жіті дайындықпен баратындығы айтылды. Сондықтан клуб басшылығы мен жанкүйерлері спортшыларға үлкен үміт артып отыр.