Тақырыпты жалғастырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заңда қабылданған бірқатар толықтырулар мен басымдылықтарға кеңінен тоқталған болатын. Мәселен, парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданған. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Бұдан бөлек, ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді. Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне де айрықша көңіл бөлінген.

Жыл басынан бері аймақтағы тәртіп сақшылары Өскемен қаласы бойынша 600-ден астам алаяқтық фактісін тіркеген.Ал оның жартысынан көбі интернет арқылы жасалған. Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге кеңінен енуі осы тектес қылмыстар санының артуына әкеп соқты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өтті.

Интернет алаяқтар бүгінде адамдарды тұзаққа түсірудің түрлі тәсілін ойлап тапқан, дейді полиция қызметкерлері. Алаяқтықтың бірнеше кең таралған түрлері бар. Көбінесе қаскөйлер өздерін тәртіп сақшысы немесе банк қызметкері ретінде таныстырады. Сол үшін құқық қорғау органдары бүгінде алаяқтықпен күресу үшін барлық шараларды қолға алған. Халықты ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлген.

Алаяқтық үшін заң жүзінде бір мың АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.