Биыл Ұлан ауданында атқарылған жұмыс көлемі ауқымды. Жергілікті билік өкілдері Қасым Қайсенов кентінде жылу желілерін ретке келтірген. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту ісі де қарқынды. Баспанаға мұқтаж азаматтардың жайы да кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұл бастаманы іске асыруда «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасының алар орны ерекше.Жалпы аудандағы қай саланы алсаңызда өрлеу бар.
Биыл Қасым Қайсенов кентіндегі 800-ден астам шақырымды құрайтын жылу желісін жаңғыртудың бірінші кезеңі іске асырылды. Бұл жұмыстарға 880 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биыл оның 600 млн теңгесін игеру жоспарланған. Ал қазандықты ретке келтіру үшін 190 млн. теңгеге жуық қаржы бағытталған. Бұдан бөлек, аудандағы инфрақұрылымды дамыту үшін бірнеше жоба да әзірленген.
Ауданда игі істер мұнымен аяқталмақ емес. Алдыға қойған мақсат ауқымды, жүзеге асыратын шаралар легі де ауқымды. Алдымен Асубұлақ кенті мен Бозанбай ауылындағы су құбырларын жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Аталған шаралар Алмасай, Төлеген Тоқтаров ауылдарында да жалғасады.Бұл жұмыстарға 11 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдегі күре жолдарды ретке келтіру қажеттігін баса атқан болатын. Президент пәрменінен соң жергілікті билік өкілдері ауданға қарасты ауыл көшелерін жөндеуге кірісіп кетті.
Баспанға мұқтаж жандардың жағдайы да аудан әкімінің жіті назарында. Биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Герасимовка ауылында 44 екі пәтерлі үй құрылысы жоспарланған. Ал көпбалалы отбасылар үшін 34, әлеуметтік осал топ санатындағылар үшін 54 пәтер салынып жатыр.