Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қос мерекені атап өтті
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Халықаралық қарттар күніне арналған кездесу өтті. Оған университетте ұзақ жылдар бойы еңбек еткен еңбек ардагерлері — оқытушылар, қызметкерлер мен мамандар қатысты. Қонақтарға мерекелік бағдарлама ұсынылып, әріптестерімен қайта қауышып, еркін әңгімелесуге және бірге атқарған еңбек жылдарын еске алуға мүмкіндік берілді.
Мазмұнды әрі әсерлі шара барысында саналы ғұмырын өз кәсібіне арнаған жандарға ізгі тілектер айтылып, құрмет көрсетілді. Бірқатар еңбек ардагерлеріне алғыс хаттар табысталды. Олардың университеттің дамуына қосқан көп жылғы еңбегі зор.
Әсия Машекенова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:
Бұл шара, шын мәнінде, біздің еңбегіміздің маңызын арттырып, атқарған жұмысымызға баға береді. Дәл осы күні Ғылыми кеңестің отырысында мен өткен жылдағы ұжымымыздың жұмысының қорытындысын қамтитын баяндама жасадым. Бүгінде университетіміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өте аламын. Біз халықаралық деңгейде өзімізді жақсы көрсетіп келеміз. Әрине, бұл — біздің бүкіл ұжымымыздың еңбегінің нәтижесі.
Көп жылдан бері университеттің серіктесі болып келе жатқан «Қазцинк» компаниясының өкілі білім беру саласының ардагерлеріне құрмет көрсетті.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
«Казцинк» үшін университетпен ынтымақтастық — айрықша маңызы бар серіктестік. Университет — біз үшін компаниямызға білікті мамандар даярлауға көмектесетін негізгі серіктесіміз. Сонымен қатар, біз олармен ғылыми бағытта да бірлесіп жұмыс істейміз. Шараға жиналғандармен тілдесу барысында тарихты жасаған адамдармен жүздесіп, олардың ізін жалғап жүрген жандармен бірге жұмыс істеудің өзі — зор құрмет екендігін атап өттім.
Шара барысында жоғары оқу орнының студенттері мен түлектері өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Меруерт Жайжатырова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Әлеуметтік, жастар саясаты және инклюзивті даму департаментінің директоры:
Университетімізде ауқымды шара өтті. Екі мерекенің басын тоғыстырып, Халықаралық қарттар күніне және жоғары білім қызмкеткерлер күнін атап өттік. Өте ауқымды концерт болды. Біздің профессорлық оқытушылар қауымына және біздің қызметкерлердің мерекесі жақсы өтті деп ойлаймын.
Жанар Садуақасова, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушысы:
Барлық әріптестерімді, барлық республикадағы ғылыми қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Шығармашылық табыс тілеймін. Жастық көңіл - күй тілеймін. Студенттермен жұмыс істегеннен кейін 60, 70, 80 ғылыми оқытушылар барлығы жас күйінде сақталып қалады. Біздің кәсібіміздің ерекшелігі сол жастармен жұмыс істегендіктен барлығы жас көңіл-күйде жүреді.
Кездесу жылы әрі еркін форматта өтті. Қатысушылар өзара әңгімелесіп, жылы естеліктерімен бөлісті. Ардагерлер үшін бұл бас қосу университет өмірінің бір бөлшегі екенін қайта сезінуге мүмкіндік берді.
Салтанат Кеңесбекқызы