Жас мемлекеттік қызметшілер арасында дебат өтті
Жас мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс алаңы ұйымдастырылды. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбындағы дебатқа облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің жас мамандары қатысты. Қатысушылар мемлекеттік қызметтің ашықтығы, жауапкершілік және кәсіби этикаға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Басты мақсат – жастардың қоғамдық мәселелерге қатысты көзқарасын қалыптастырып, пікірін дәлелді жеткізу қабілетін дамыту.
Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, кәсіби ортада маңызды саналатын бірқатар мәселеге қатысты көзқарастарын ортаға салды. Дебат барысында мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің кірістері мен шығыстарын ашық декларациялау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жауапкершілікті күшейту жайы талқыланды. Сонымен қатар мамандардың қызмет тиімділігін бағалауда тек формалды көрсеткіштерге емес, эмоционалдық интеллект пен этикалық қасиеттерге де мән беру ұсынылды.
Еңлік Жамболатова, Өскемен пікірсайыс ассоциациясының координаторы:
Жалпы, пікірсайыс дегеніміз – әрдайым адамды дамытуға, интеллектуалды дамуға, өз-өзіне деген сенімділігін арттыруға бағытталған мектеп болып табылады.Дәл осы пікірсайысты мемлекеттік қызметкерлер арасында да белең алып, дамуы, екеуінің бір ұшта түйісуі өте тиімді деп ойлаймын. Себебі мемлекеттік қызметкерлерге де біз көтеретін тақырыптарға ой жүгіртіп, сол арқылы бір-бірімен пікірталас өткізу өте маңызды.
Жас мамандар мұндай пікірталастар кәсіби біліктілікті арттырып қана қоймай, халықпен тиімді қарым-қатынас орнатуға да ықпал ететінін айтады. Абайдың «Толық адам» қағидасын негізге алған қатысушылар мемлекеттік қызметтің басты мәні елге және халыққа адал қызмет етуде екенін атап өтті.
Назерке Тоқтасынова, Қаратал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:
Бүгінгі облыстық деңгейде жас мемлекеттік қызметшілер арасында осындай ауқымды дебаттың ұйымдастырылып жатқанына біз қуаныштымыз. Осы Абайдың «Толық адам» қағидасын берік ұстана отырып, мемлекетіміздің өркендеуіне жас мемлекеттік қызметшілерді баулу, халыққа қызмет етуге, халықпен тығыз байланыс орнатып, халқына жақын болуға баулитын бірден-бір пікірталас, дебат болады деген сенімдемін. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеймін, ал өзімізге жеңіс тілеймін.
Облыстық деңгейдегі бұл бастама жас кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталды. Қатысушылар үшін берілген тақырыптар бойынша өз ұстанымын қалыптастыру, қарсы пікірді тыңдау және нақты дәлелдер келтіру маңызды болды. Мұндай тәжірибе мемлекеттік қызметтегі күнделікті міндеттерді орындауда қажет болатын талдау, шешім қабылдау және коммуникациялық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бекарыс Энгельс