Негізгі Жаңалықтар Катонқарағай ауданының мәдени күндері

Катонқарағай ауданының мәдени күндері

Катонқарағай ауданының тарихы, мәдениеті мен шығармашылық әлеуеті Өскемен жұртшылығына таныстырылды. Облыстық филармонияда ауданның мәдениет күндері аясында көрме ұйымдастырылып, қолданбалы өнер шеберлері мен мектеп оқушыларының жұмыстары ұсынылды. Аталмыш шарада ұлттық нақыштағы бұйымдармен қатар, дәстүрлі өнерді заманауи тұрғыда ұсынған жастардың еңбегімен танысуға мүмкіндік туды.

Катонқарағай — Шығыс Қазақстандағы өзіндік болмысы қалыптасқан өңірлердің бірі. Мұнда табиғи мұра мен мәдени құндылықтар сабақтасып жатыр. Облыстық филармонияда өткен көрмеде келушілерге сәндік-қолданбалы өнер туындылары таныстырылды. Шеберлер дәстүрлі ою-өрнек пен ұлттық қолөнер тәсілдерінің бүгінгі бұйымдарда қалай үйлесім тапқанын көрсетті.

Данияр Дүйсембаев, Катонқарағай ауданының әкімі:

Бұл жерде тек қана мәдениет жағынан ғана емес, сондай-ақ жасанды интеллект, өзіміздің аудандағы жасөспірім ұрпақтың өмірге деген көзқарасына шолу жасайтын боламыз. Сонымен қоса ауданымыздың ардагерлері өнерлерін паш етуге келіп жатыр.

Өңірдің табиғи байлығы туризмді дамытуға негіз болып отыр. Көрмеде Катонқарағайдағы туристік бағыттар да көрсетілді. Оның ішінде экологиялық маршруттар мен этнотуризмге басымдық берілмек. Табиғатты бастапқы қалпында сақтай отырып, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне де назар аударылды.

Серік Қоңырбаев, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің туризм жөніндегі маманы:

Қазіргі таңда туристер арасында сұранысқа ие 14 бекітілген маршрут бар. Сонымен қатар, негізгі туристік нысандар көрсетілген арнайы карта жасалған. Ұлттық парктің аумағы 643 мың гектарды құрайды. Бұл — Қазақстандағы аумағы ең үлкен ұлттық парк. Жыл сайын ұлттық паркке келушілер саны артып келеді. Мұнда шетелдік туристермен қатар, еліміздің батыс өңірлерінен және Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалардан саяхатшылар келеді.

Ал ауданның болашақтағы келбеті «Болашақ Катонқарағай» бөлімінде ұсынылды. Мұнда өңірдің көлемді макеті қойылып, экотуризм, білім беру және заманауи инфрақұрылымға қатысты жобалар таныстырылып, көрменің цифрлық бөлігінде оқушылар жасанды интеллект мүмкіндіктері мен өздері әзірлеген заманауи жобаларын паш етті.

Алма Тілеубаева, Катонқарағай ауданы білім бөлімінің әдіскері:

Бұл көрмемізде жасанды интеллектіні сабақ барысында қолдану немесе білім саласында қалай тиімді пайдалану бойынша тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз. Себебі президентіміз өзінің жлдауында айтқандай, білім саласы болсын жалпы қай салада да жасанды интеллектіні қолдану керек. Бірақ жасанды интеллектіні заман талабына сай қолданғанның өзінде де, оны тиімді қолдана білу бағытын қарастыру керек деп ойлаймын. 

Бағдарлама Катонқарағай ауданының шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасты. Филармония сахнасында музыкалық шығармалар орындалып, хореографиялық қойылымдар ұсынылып, өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ауданның мәдени күндерінің әсерлі қорытындысына айналды.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу