Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімінің жұмыс сапары

Облыс әкімінің жұмыс сапары

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Шемонаиха ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны «Уба» шипажайы болды. Мұнда облыс әкіміне мекеменің жұмысы мен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар таныстырылды. Сонымен қатар, Нұрымбет Сақтағанов Усть-Таловка энергетика цехы тарапынан қаладағы жылу желілерінде салынып жатқан сорғы станциясының құрылысымен танысты. Жаңа нысан тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ауданда жылыту маусымына 23 автономды қазандық, сондай-ақ бюджеттік сала нысандары толық дайындалды. «Восток Энерго» қаражаты есебінен ауданда орталық қазандықтағы төрт су жылытқыш және төрт бу қазан агрегатына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 345 миллион теңге бөлінді. Биыл Шемонаиха қаласында жылу желілеріндегі жалпы құны 1,1 миллиард теңге болатын сорғы станциясының құрылысы аяқталады. Былтыр уәде еткеніміздей, бұл жоба енді бірнеше күнде іске қосылады. 

Бұдан бөлек, Шемонаиха ауданында 964 басқа арналған жаңа сүт-тауар фермасы салынып жатыр. Нұрымбет Сақтағанов «Сугатовское» ЖШС-ға барып, құрылыс барысымен және жобаның жүзеге асу жоспарымен танысты. Жаңа ферма өңірге Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тәжірибесін енгізуге бағытталған бағдарлама аясында іске асырылуда. Соның аясында өндірістің заманауи талаптарға сай ұйымдастырылуына басымдық берілген. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл жобаның ауылды дамыту үшін маңызы ерекше. Оның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, мамандар мен жастарға мүмкіндіктерді кеңейтуге, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді. Өйткені мықты ауыл – ең алдымен, адамдар, адал еңбек, тұрақтылық және болашаққа деген сенім. 

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Шемонаиха ауданының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ, өңір басшысы аудан ардагерлерін Қарттар күнімен құттықтады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Құрметті ардагерлер, қадірлі аға буын өкілдері! Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күннің мәні ерекше. Ол бізге аға буынға деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының, еліміздің болашағы үшін жүріп өткен өмір жолдарыңызға деген алғыстың мәңгілік құндылық екенін еске салады. 

Шара барысында облыс әкімі өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерді марапаттады.

Кәусар Идаятқызы


Бөлісу