Аймақта цифрландыру саласында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Тұрғындарды сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етуге де көңіл бөлінуде. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін де беріп үлгерді. Мәселен, өткен жылы ШҚО "Ақылды" қала рейтингісінде 3 орын алған. Бұл жайлы өңірдегі цифрландыру және архивтер басқармасы мәлімдеді.

Цифрландырудың негізгі бағыттары – цифрлық технологияларды дамыту, интернетпен қамтамасыз ету, ақпараттандыру.Осыған орай өңірде «SMART CITY» жобасын жүзеге асырылуда. 2024 жылға арналған ақылды қалаларды құруға бағытталған жол картасы бекітілді.

Өткен жылы аймақта «iQala» жобасы да іске қосылды. Бұл бастама халықтың коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимыл процестерін автоматтандыруға бағытталған.

Айта кетейік, аймақта 363 елді мекеннің 192-сі, онда тұратын халықтың 95,5% - ы мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Ал жол картасы аясында 171 ауылды кезең-кезеңімен мобильді интернетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.