Өскеменде жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» атты көрме-жәрмеңке өтті. Шараға аймақтағы қала-аудандардан келген 30-ға жуық тауар өндіруші қатысты. Мақсат – жергілікті брендті қалыптастырып, өнімнің нарықтағы сұранысын арттыру.

Жәрмеңкеде ауыл шаруашылық өнімдері, қолөнер бұйымдары ұсынылды. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың сөзінше, осындай көрме арқылы жергілікті кәсіпкерлер өз тауарларын қалың көпшілікке таныстыруға мүмкіндік алады.

Жоба аясында үздік атанған өнімді Кәсіпкерлер палатасы экспортқа шығару үшін сауда желілері мен халықаралық сауда алаңдары өкілдерімен келіссөздер жүргізбек. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы республика көлемінде 2-ші жыл өткізіліп отыр.

Күршімдік кәсіпкер Эльмира Исманбек қазақи нақышта киім тігумен айналысады. Сұраныста жоғары дейді кәсіпкер. Ал Раушан Рахимова-Чупенова шұжықтың 30-ға жуық түрін өндіріп келеді.

Бұл жоба «Мен кәсіпкер» бағдарламасының компоненті. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Ұлттық жоба үйде отырған қыз-келіншектердің сүйікті ісімен айналысуына жол ашады.

Шараға келген тұрғындар ұсынылған өнімдердің дәмін татуға мүмкіндік алды.