«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Өскемендегі шағын аудан аулалары абаттандырылып, балалар алаңы қайта жаңартылды. Соның бірі - Қаныш Сәтпаев даңғылы 29/1 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үй ауласындағы балалар алаңы. Арна тілшілері заман талабына сай жарақтандырылған аула тұрғындарының қуанышына ортақтасып қайтты.

Бұл аула тұрғындары бір-бірімен тату. Кез келген істі бірлесіп шешіп, бірге атқарады. Балаларға арналған ойын алаңының ашылу салтанатында балақайларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бүгінгі ұрпақ, ертеңігі ел үміті. Сондықтан балғын шақтың тәтті естеліктерге толы болуы, уақыттың тиімді ұйымдастырылуы маңызды. Сондықтан тұрғындар әр мерекені осылай өткізуге тырысады.

Осы істің басы-қасында жүрген Қаныш Сәтпаев даңғылы 29/1 тұрғын үйі меншік иелер бірлестігінің төрайымы Лаура Ибраимованың еңбегі зор.

 «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тұрғындар қайта жаңартылуы керек нысандарға онлайн дауыс беру арқылы қатыса алады. Биыл бұл бағдарлама аясында қала бойынша 30 ауладағы балалар алаңы жаңартылды.