«Ағза алмастыру, соның ішінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмірлік маңызы зор ағзалары семіп бара жатқан пациенттерді аман алып қалудың жалғыз әрі ең тиімді жолы». Білікті дәрігерлер осылай дейді. Бірақ, бұл мәселеде қоғам пікірі жан-жақты екені жасырын емес. Бірі, бұл амалға келісімін берсе, бірі діни немесе жеке ұстаным тұрғысынан келіспей жатады. Дәрігерлер бұл істе соңғы шешімді әр адамның заңды құқығына қалдырған. Ең абзал әдіс жайлы халыққа ашық түсіндіруден де жалықпайды.

Адам көз жұмғаннан кейінгі донорлық көрсеткіші бойынша АҚШ, Испания, Хорватия елдері көш басында. Қазақстанда бұл тәжірибе біртіндеп қолға алынып келеді. Дәрігерлердің бас қосу себебінің маңызы тереңде. Шараның мақсаты – ағза донорлығын ілгерілету мәселелерін талқылап, трансплантацияны дамыту мақсатында түсіндіру іс-шараларының қажеттілігін жеткізу. Себебі, елде жыл сайын ағза трансплантациясына мұқтаж пациенттер саны артып келеді.

Шығыс Қазақстанның өзінде ағза ауыстыру кезегінде 271 пациент тұр. Оның бесеуі бала. 244 пациент бүйрек, 8-і бауыр, 5 адам жүрек ауыстыру кезегінде. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту қажет. Сол арқылы ғана қажеттілікті азайтуға мүмкіндік бар. Өлімнен кейінгі донорлыққа келіскендерді іріктеуде талап қатаң.

Мамандар елімізде дәрігерлер арасында да, халық ішінде де орган донорлығын дамыту қажеттілігі туралы белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп отыр. Өйткені, өлімнен кейінгі донорлық – ағза трансплантациясы атты жалғыз үміті қалған мыңдаған адамның өмірін алып қалатын жалғыз амал.