Облыста "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Мақсат жол-көлік оқиғаларының алдын алу.Шара басталғалы мыңнан астам азамат бекітілген талапты орындамағаны анықталған. Масаң күйде көлік құралын басқарғандарда бар.

Аймақтағы патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы қызу. Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызметін ұйымдастыруда. Республикалық шара аясында 60-қа жуық азаматқа көлік құралын пайдалануға шектеу қойылған. Ал 31 темір тұлпар айып тұрағына жеткізілді. Бұдан бөлек 26 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді.

Рейд барысында потрульдік полиция қызметкері жол бойындағы көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызды екенін айтты. Бекітілген талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертті.Көлік тізгіндеген азаматтар жағы мұндай шараларды жиі өткізу арқылы қауіптің бетін алдын алуға болады деген пікірде.

Тәртіп сақшыларының міндеті - жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды және талаптарды елемейтін жүргізушілерді анықтау. Бұдан бөлек, жолдың қарсы бетіне шығу, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескендер мен көлікті мемлекеттік нөмірсіз басқарғандарға баса мән берілмек.

Жалпы, жаз мезгілінде шығыстың тұмса табиғатын тамашалап, өзен-көл, тауларында тынығатын туристер саны арта түседі. Сәйкесінше, қалааралық автобустар легі көбейіп, облыс аумағындағы жолдарға салмақ түсе бастайды. Сондықтан полицейлер төтенше жағдайдың алдын алып, қайғылы оқиғаны болдырмаудың амалдарын қарастыруда.