Шығыс өңірі топырағы құнарлы егін егіп, өсімдік шаруашылығын дамытуға ал таулы аймақтары төрт түлік өсіруге қолайлы мекен. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті жоғары. Дегенмен, осы салада табысты еңбек етіп келе жатқан шаруалардың шешілмеген мәселесі, айтар өз базынасы бар. Әсіресе, тұқым шаруашылығын мемлекет тарапынан субсидиялау, дайын өнімді қайта өңдеуде нақты шешімдер қабылдау маңызды. Осылай деген шаруалар облыс орталығына арнайы сапармен келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаровпен кездесуде тағы қандай мәселені ортаға салды? 

Мамандардың айтуы бойынша Қазақстанда күнбағыс гибридін селекциялаумен айналыстын 5 шаруашылық болса, оның 4-і Шығыста. Мәселен, Өскеменнің іргесіндегі «Майлы дақылдардың тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-гі өсімдік және мал шаруашылығы салаларында заманауи технологияларды қолданысқа енгізген. Ғылыми негізде селекция жұмысымен айналысады. Отандық өнім үлесін арттыруға бағытында жұмыс істеп келе жатқан шаруашылық күздік бидай мен қара бидайдың гибридін, күздік рапс сияқты дақылдар өсіреді. Күнбағыс, соя секілді майлы дақылдар сұрыптарының селекциясын жасайды.

Бүгінде өздері өсірген жоғары сұрыпты тұқымның 20 пайызын Ресейге экспортқа шығарып отырған шаруашылық отандық нарықты 100 пайыз өзімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Фарид Әбітаевтың айтуынша, тұқым шаруашылығын мемлекет тарапынан субсидиялауда да біраз кемшін тұстары бар. Бөлінген қаржының 80 пайызы шетелдік ғылымды дамытуға кетеді. Кәсіпкер ол біздікінен екі есе қымбат дейді.

Бұдан бөлек шаруалар ветеринария саласындағы өзекті мәселені сөз етті. Мал шаруашылығы саласында әсіресе тауарлы-сүт фермаларының жұмысын жүйелеу, дайын өнімді саудалау туралы да өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар етті қайта өңдеуді біржолға қою, баға тұрақтылығын сақтау, бәсекеге қабілетті болудың тетіктерін талқылады. Отандық тауар өндірушілерге қолдау қажеттілігі де айтылды. Жиын соңында Айдарбек Қожаназаров ауыл шаруашылығы саласындарға бірыңғай салық жүйесін енгізу туралы ұсыныс әзірлеп жатқандығын жеткізді. Бұл болашақтың еншісіндегі мәселе.