Өскемен қаласында осы жазда жөнделген жолдың сапасын құзырлы органдар тексеріп жатыр. Нәтижесінде материалдың сапасы мен оны қолдануға байланысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Жұмысты немқұрайлы істеген мердігерлерге кемшілікті жоюға арнайы уақыт берілді.

Ұлттық сапа орталығының инженерлері жөнделіп жатқан жолдарға биыл 67 рет барып, 132 сынама алған. Нәтижесінде қолданылған материалдың сапасы мен асфальт төсеудегі нормативтердің сәйкес келмеуі сияқты бірқатар кемшіліктерді анықтады.

Жол мерзімінен бұрын тозса, мердігер мекеме өз қаржысына қайта жөндеуге міндетті. Бірақ жұмыс бірден сапалы істелуі үшін құзырлы органдар әр көшедегі жұмысты қадағалап, сапасыз болса ескертіп отырады.

Бақылау болмаса кейбір мердігер жұмысты атүсті атқаратыны тексеріс барысында анықталды. Биыл Өскемен қаласында 38 көшенің жолы жөнделіп жатыр. Оған бюждеттен 3 миллиардтан астам теңге бөлінді.

Әрбір мердігерге жұмыстың көлеміне қарай уақыт берілген. Көлік нөпірі көп негізгі көшелерге асфалть төсеу қазан айына дейін аяқталуы тиіс. Дегенмен кейбір ірі даңғылдарда жұмыс енді басталды. Ал жолдың ескі жабындысы мен жиектатастары қопарылып, әлі астаң- кестеңі шығып жатыр.