Өскеменде Д. Серікбаева атындағы ШҚТУ базасында дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға қатысушылар Қазақстандағы атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлау мәселелерін талқылады. Шараға елдегі ірі өндіріс орындарының өкілдері, ғалымдар қатысты.

Дөңгелек үстелге Ресейлік Ұлттық ядролық зерттеу және Томск политехникалық университетінің жетекші сарапшылары, ҮМЗ, «Казцинк», ҚР ҰЯО өкілдері қатысты. Елдегі техникалық жоғарғы оқу орындары мен уран өндіретін ірі кәсіпорындар атом электр станциясында жұмыс істейтін мамандарды бірілесіп дайындамақ. Бүгінге дейін шетелдегі бірқатар белді университеттермен меморандумға қол да қойылған. Сол келісімге сәйкес Қазақстандық оқу орындары соңғы бірнеше жылда біртіндеп мамандарды даярлай бастады. Ал уран таблеткаларын шығаратын кәсіпорындар жоғарғы курс студенттерін тәжірибеден өткізіп келеді.

АЭС құрылысының ұзақтығы 10-12 жылды құрайтындықтан, осы уақыт ішінде жеткілікті мамандар даярлауға бар жағдай жасалған. Оған қоса мектепті енді бітірген абитуриенттер арасында осы салада білім алғысы келетіндер саны жылдан жылға артып келеді дейді мамандар.

Мамандардың айтуынша, университетте студенттердің теориялық дайындығына ғана емес, алған білімін іске асыру жағына да баса мән берілмек. Бұл өз кезегінде түлектерге қажетті дағдыларын дамытуға таптырмас мүмкіндік.

Энергияның болашақтағы тапшылығы туралы қазірден бастап ойлану қажет. Бұл ретте елімізде Атом электр станциясын салу - тиімді әрі ұтымды шешім. Жиында бас қосқан сарапшылар осындай пікірде.