Өскеменде Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойына орай «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті. Байқауға әр ауданның тіл үйренуші өзге ұлт өкілдерінің азаматтары қатысты. Басты мақсат - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Мемлекеттік тілді үйренуге, оны қолдануға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Мектеп пен жоғары оқу орындары ғана емес, кәмелетке толған әрбір қазақстандықтың тіл меңгеруі үшін арнайы оқы орталықтары жұмыс істейді. Бұл орайда қазақ тіліне деген қызығушылық танытқан өзге ұлт өкілдері де жыл санап артып келеді. Мәселен, Анна Яковлева байқау туралы естіген сәттен бірден қатысуға өтінім беріп, дайындыққа көшкен. Қазақ тілін бала кезінен жетік білетін ол, тіл сайысына қуана-қуана қатысуда. Оның айтуынша, қазақ тілін үйренемін деген адамға ең бірінші ниет керек.
Бұл байқау мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруде берері мол, дейді тіл жаңашыры Әділ Юсупов.
Облыстық тіл байқауы төрт кезеңнен тұрды. Үміткерлер ең алдымен өз-өздерін таныстырып, мемлекеттік тілді білу деңгейлерін көрсетті. Екінші кезең бойынша берілген мақал-мәтелдерді жалғастырды. Содан кейін, экраннан ұяшықтар таңдау арқылы отбасы, салт-дәстүр, Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына қатысты басқа да белгілі тұлғалар туралы сөз саптады. Соңғы кезең бойынша 1 минутта қойылған 15 сұраққа жауап алынды.
Бүгінгі шараның ерекшелігі мұнда шекара қызметінің капитаны Тимофей Руденко да өз бағын сынады. Ол бұл байқауға алғаш рет қатысудамын, дейді.
Байқауға облыстың 11 аудандары мен қалаларынан іріктеуден өткен, мемлекеттік тілді жетік меңгермен 18-35 жас аралығындағы этнос өкілдері қатысты. Олар ән шырқап, би билеп, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін жетік меңгерген.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Глубокое ауданынан келген Анна Яковлева өз қанжығасына байлады, ал бірінші орын Мария Колчинаға бұйырса, екінші орынға Кристина Батырханова жайғасты. Үшінші орынға бірден екі қатысушы лайық деп танылды. Олар Мария Қақанова мен Рахмеджан Гожамбердиев. Қалған қатысушылар да алғыс хаттармен марапатталып, естелік суретке түсті. Әр кезеңнен сүрінбей өткен Анна Яковлева енді Республикалық байқауда облыс намысын қорғамақ.