Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аймаққа жұмыс сапарымен келді. Министр өңірдің бірқатар медициналық нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Министр Глубокое ауданы Прапорщиково ауылындағы күніне 25 емделушіні қабылдауға арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияға барды. Мекеме «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынған. Алдағы уақытта облыста ұлттық жоба аясында үш жыл ішінде тағы осындай 36 нысан салу жоспарланған. Бұл ауылдық жердегі медициналық көмектің сапасы мен оған деген қолжетімділікті арттыруға сеп болмақ.
Амбулатория заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның құрамына төрт керуеттік күндізгі стационар да кіреді. Бұл тұрғындарға сол жерде сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Министр сондай-ақ сәуле диагностикасы, кардиология, кардиохирургия, гематология және жілік майы трансплантациясын қамтитын көпбейінді гематология орталығының құрылысымен де танысты. Орталық 146 керуетке есептелген. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған.
Сапар барысында Ақмарал Әлназарова көпбейінді «Онкология және хирургия орталығына» да барды. Мұнда жыл сайын 3000-нан астам операция жасалады. Соның 60%-ы кіші инвазиялық әдіспен бойынша жүргізіледі.
Сондай – ақ министр медицина саласының дамуына үлес қосқан аймақтағы бірнеше ақ халаттыларды марапаттады. Мамандарға «алғыс хат», «құрмет грамотасы», «денсаулық саласының үздігі» сынды марапаттар табысталды. Оның арасында фелдьшер жедел медициналық жәрдем станциясының Руслан Шаймұратов та бар.
Кездесу соңында министр өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті.