Білім күніне орай Өскеменде жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Білім ошағы заманауи жабдықпен толық қамтылған.Қазақ тілінде білім беретін оқу ордасының лентасын Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Жазушылар одағығының шығыстағы филиалының төрағасы, жазушы Әлібек Қаңтарбаев қиды.

Білім ордасының ашылуы – ата-аналар, оқушылар, және ұстаздар үшін үлкен мереке. Жаңа мектеп 600 орынға шақталған. Екі ауысыммен жұмыс істейтін бұл білім ордасы 1200 оқушыны қамтуға қауқарлы. Жаңа мектепте инклюзия кабинеті, асхана, спорт залы, зертханалар мен робототехника кабинеті бар.

Жаңа білім ошағында барлығы 24 сынып бар. Оның сегізі бастауыш, оны орта, төртеуі жоғарғы сынып. Мұнда екі мектепалды даярлық сыныбы да болады.Бастама «Нұрлы жол» шағын ауданындағы балаларды тұрғылықты жері бойынша қабылдау үшін іске асырылған. Нысанның қолданысқа берілуі жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік беріп отыр.

Облыста жалпы саны 344 мектеп бар. Онда 97756 бала оқиды. Оның 9824-і биыл бірінші сыныпқа барды.

Қазіргі уақытта Зайсан қаласында 300, Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Оларды жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.