Өңірге «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған пойызы келді. Бірнеше елді мекенге аялдаған мамандар тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетті. Пойыздың құрамында тәжірибелі 30-ға жуық маман бар.

Шалғай аудандардағы тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсететін пойыз мамыр айында Астана қаласынан жолға шыққан. Пойыздың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог сынды бейінді мамандар бар.

Жылжымалы нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған. Денсаулық пойыздары шалғайдағы станциялардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Риддер қаласы әкімдігінің тарапынан станцияға дейін арнайы автобус маршруты ұйымдастырылды.

Биылғы жаңашылдықтың бірі - мамандандырылған диагностикалық құралдар қатарына маммография аппараты қосылып отыр. Бұл жаңашылдық әйелдер арасында ерте кезеңде қатерлі ісік ауруларын анықтау мақсатында енгізілді.

Ақ халатты абзал жандардың көмегіне зәру ағайын, мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысты. Кезекке тұрып, білікті мамандарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

 «Саламатты Қазақстан» пойызының жұмысы елімізде денсаулық сақтау саласын жақсарту мен халықтың денсаулығына қамқорлық жасау бағытындағы маңызды қадам.