Биылғы облыстық Кітап фестивалі ерекше форматта өтті. Ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Осы жолы қалалықтардың сүйікті демалыс орыны – Арбат маңы көңілді думанға айналды. Көрмелер ұйымдастырылып, ақын-жазушылар бас қосты.
Демалыс аумағында ине шаншар орын жоқ. Жасы мен жасамысы күздің жаймашуақ күнінде осы жерге жиналған. Мұнда кез келген жастағы адам өзіне қызықты ортаны таба алады. Шараны ұйымдастырушылар осыны мақсат еттік, деп отыр. Қала тұрғындары мен қонақтары күні бойы көңіл көтеріп, мәдениет, руханиятқа бір қадам жақын болса екен деген ниет еді, дейді.
Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі ғана емес. Бүгінде күллі түркі халықтарына әйгілі ақын-жазушылар туған киелі мекен. Абайдан бастап Оралхан Бөкейге дейін ұласқан тізімге небір мықтылар қосылған. Шараға атақты жазушы Жәди Шәкенұлы шақырылды. Оқырманның ыстық ықыласына бөленген жазушыны көпшілік құрметпен қарсы алып, шығармалары жайлы пікір алмасты. Қаламгер өз әсерімен бөлісті.
Фестивальдің басты идеясы – кітап оқу мәдениетін дамыту, ақын-жазушылар шығармашылығын насихаттау. Шараның кішкентай қонақтары үшін де қызықты ойындар, байқаулар, квесттер ұйымдастырылды. Мереке барысында азаматтар авторлармен пікір алмасып, олардан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.