Облыстық әкімдікте кезекті жиын өтті. Жиында өңірге қарасты автомобиль жолдарын қысқы маусымда ұстау барысы талқыланды. Бұдант бөлек, егін жинау жұмыстары, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру жайы да сөз болды. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев салалық басқарма басшыларына бірнеше тапсырма берді.

Қыс мезгілі де таяп қалды. Сондықтан алдағы маусымға қажетті техника сақадай сай болуы тиіс. Өңірдегі салалық басқарманың басшысы Нұржан Жұмаділов аймақтағы жолдарды қардан тазалау үшін 590 техника жұмылдырылатынын жеткізді.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев аймақтағы қар қалың түсетін ауданда қажетті техникалардың санын арттыруды тапсырды. Себебі, арнайы көлік жетіспеушілігі орын алса, тұрғындар діттеген жеріне жете алмай әбігерге түседі. Ал мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.

Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру жайы да талқыланды. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев осы санаттағы азаматтарға тиісті деңгейде жағдай жасалаймай жатқанын айтып, жауапты мамандарды сынға алды.

Биыл аймақтағы 383 әлеуметтік нысанды бейімдеу жоспарланған. Келер жылдан бастап «Инватакси» мемлекеттік қызметке айналады. Өңір басшысы Ермек Көшербаев қала және аудан әкімдеріне желтоқсан айына дейін мүгедектігі бар азаматтарға арналған жұмыс орындарын ұйымдастыру және «Инватакси» қызметінің қолжетімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырма берді.

Өңірде биыл астықтың түсімі артты. Егістік алқаптарының 94 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 22 центнерді құрады. Жалпы саны 530 мың тоннадан астам астық қамбада тұр.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекованың айтуынша, биыл отандық минералды тыңайтқыштарды субсидиялау жүйесі енгізіліп, шаруалар тыңайтқыш құнының тек 40%-ын төлеген. Өңірде тыңайтқышты қолдану екі есеге артып, мемлекеттен 482,5 млн теңге субсидия бөлінді. Алдағы уақытта Үлкен Нарын ауданында нарықта сұранысы артқан рапс дақылының алқабын ұлғайту көзделген. Биыл осы ауданда 5 мың гектарға жуық аумаққа рапс егіліп, гектарынан 23,9 центнер өнім алынған. Шемонайха, Глубокое, Алтай, Ұлан сияқты астықты аудандардың әкімдеріне егістікті әртараптандыру, оның ішінде рапс, соя сияқты бағасы жоғары дақылдарды егу туралы тапсырма берілді.