Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы туристік компаниялардың өкілдерімен кездесті. Мақсат – трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту және туризм саласындағы екіжақты байланысты нығайту.

2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтеді. Бұл шешім ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен арадағы келісім аясында қабылданған болатын. Екі ел арасында визасыз режим енгізілгелі азаматтарға үлкен мүмкіндік туды. Арадағы ынтымақтастықты нығайту үшін бүгін шығысқа қытайлық турфирмалардың басшылары келді. Олар өңірдің көрікті жерлерін аралап, қытайлық туристерге жарнама жасамақ.

 «Туристер үшін демалыстың сан алуан түрін ұсынбақпыз. Жеке және топтық турлар болады. Бір топтық турда 30-35 адам қамтылады. Ал облыстағы туристік объектілер модернизациялаудан өткен соң бұл санды көбейтуге болады. Қытай елімен де бірлесіп түрлі ауқымды жобаларды қолға алғымыз келеді», - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы.

Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласы бірлесіп саяхаттауға келген азаматтарды қарсы алмақ. Алдымен турист Алматыға келеді. Кейін ШҚО-ын аралайды. Осылайша бір сапарда Қазақстанның екі көрікті өңіріне баруға мүмкіндік туады.