Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-де металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы Қазақ-Неміс ғылым және технология институты ашылды. Институт базасында соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған зертханалар мен ғылыми орталықтар жұмыс істейді. Мұнда ғалымдар түрлі зерттеулер жасап, өңір кәсіпорындарына қажетті тың жобаларды әзірлейді.
Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-да металлургия және пайдалы қазбалар өндіру саласындағы Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтының ашылу салтанатына шетелдік қонақтармен қатар жоғарғы оқу орындарының ректорлары, ғалымдар қатысты. Сонымен қатар, облыс әкімі Ермек Көшербаев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келді. Министр өз сөзінде осындай бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы осыдан 14 жыл бұрын келісім болғандығын айтты. Техникалық университет базасында ашылып жатқан түрлі шеберханалардың болашағы зор екендігіне тоқталып, бұл бастама өзге университеттерде шеберханалардың ашылуына жол салды, деді.
Бұл институт базасында әртүрлі салалардағы бірлескен ғылыми жобалар мен зерттеулер жүзеге асырылады. Тың бастама облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, өндірісте жаңа технологиялардың қолданысқа енуіне септігін тигізбек.
Студенттер екі дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша оқиды. Олардың бірі – Бранденбург техникалық университеті. Университет мамандары алдағы уақытта «Геология», «Тау-кен ісі», «Механика және металл өңдеу» және «Тұрақты даму» бағыттары бойынша тағы төрт бағдарлама жүзеге асырылатындығын жеткізді. Ол бағдарламалар Фрайберг тау-кен академиясы, Бохумдағы Рур университеті, Штутгарт және Клаусталь техникалық университеттерімен бірлесіп жасалған.
Келген меймандарға бұл күні жас ғалымдардың бірнеше жобалары да таныстырылды. Осылайша, Қазақ-Неміс ғылым және технология институты академиялық және екіарадағы ынтымақтастықты нығайта түспек.