Өскемен қаласында «ZERDELI» оқу орталығының филиалы ашылды. Ақыл-ойды дамытуға арналған білім ордасының бұдан бөлек республика бойынша 41 орталығы мен 7 мектебі жұмыс істеп тұр. Орталықтың басты мақсаты – оқушылардың білім деңгейін арттырып, ҰБТ мен түрлі олимпиадаларға дайындау.
Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімі Жақсылық Омар, білім басқармасы өкілдері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин қатысты. Қала мектептерінде 47 мыңға жуық оқушы білім алады. Жыл сайын 1,5 мың жас түлек мектептен түлеп ұшады.Шамамен 5,5 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады. Оқушы саны көбейген сайын мұндай орталықтардың артуы заңдылық, - деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Орталықта тәжірибелі педагогтар мен білікті мамандар оқушылардың әрқайсысына жеке көңіл бөлуді мақсат етеді. «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт.
Оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға үлес қосатын орталықтың ашылғанына қала тұрғындары дән риза. Ата-аналар бұл орталық оқушыларға сапалы білім алуына мүмкіндік беретініне сенімді.