Биыл Шемонаихадағы өнер мектебіне 60 жыл. Тарихы терең білім ордасында 300 бала тәлім алады. 60 жылдық тарихы бар өнер ұжымы бүгінде ұлтымыздың асыл мұрасы, рухани жәдігері - дәстүрлі өнерді насихаттап, үлкен белестерді бағындырған өнерпаздарға толы. Шәкірттері талай республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып жүр.

Өнер – сұлулық. Өнер – тазалық пен адалдық. Осындай тұп-тұнық кәусар бұлақтың тұнығына бас қойған балалар бүгінде Шемонаиха ауданындағы өнер мектебінде білім алып жатыр. Оқу ордасында қазір 20 ұстаз бар.

Өнер мектебінің педагогтары балаларға қосымша білім мен саналы тәрбие беруде үнемі ізденіс үстінде. Нәтижесінде шәкірттер аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр,- дейді ұстаздар.

Өнер мектебінің оқушысы Анастасия Серохвостова үлкен сахнаға шығуды мақсат еткен. Арманын жүзеге асыру үшін тынбай еңбек етіп жүр.

2021 жылы өнер мектебі Юнеско клубына мүше болды.Қазіргі таңда клубта 90-ға жуық балғын тәлім алады. Өнер ұжымы қазіргі уақытта мерейтойлық концертке қызу дайындық үстінде.