Аймақтағы референдум учаскелері ашылғаннан бастап еліміздің өркендеп-дамуы жолына ат салысып, дауыс беруге асыққан халықтың қарасы қалың болды. Жас та, кәрі де саяси науқанға белсене қатысты. Өңірдегі танымал тұлғалар да бұл тарихи оқиғадан шет қалмады. Олардың қатарында жеңіл атлетикадан Лондонда өткен Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы да бар.

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова ел тарихындағы елеулі оқиғадан тыс қалмады. Ол таңдау жасау үшін №45 орта бейіндік мектепте орналасқан №7 референдум учаскесіне барды. Айтулы додаларда ел намысын қорғап, жастарға үлгі болған спортшы, референдумның маңыздылығын терең түсінеді.

Аталған уческеде 2 834 дауыс беруші тіркелген. Референдум учаскесінде барлық жағдай жасалған. Ал, қарттар берген өтініштеріне қарай үйлерінде өз таңдауын жасады.

Дауыс берушілердің 19-ы алғаш рет саяси науқанға қатысты. Солардың бірі - 18 жастағы Мөлдір Дүйсенбек.

Сондай-ақ, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылында тұратын әлемге танымал бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы референдумға қатысты. Ол № 976 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.