Өскеменде спорт әдіскерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсы басталды. Шараны Дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік орталық ұйымдастырып отыр. Бір апта көлемінде 150-ден астам сала мамандары өз білімдері мен дағдыларын дамытады.
Курстардың мақсаты - салада жүрген спорт мамандарының біліктілігін арттыру. Олардың лауазымдық міндеттерін түсіндіріп, оларды дайындау процессіне көңіл бөлінеді. Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының бөлім басшысы Нариман Төлеухановтың сөзінше, мұндай курстардың өңірдегі спорт саласының дамуына қосатын үлесі зор.
Мұндай біліктілікті арттыру курстары елдің түкпір-түкпірінде өткізіледі. Мәселен, биыл Маңғыстау және Алматы облыстарынан бастау алған шара, Шығыс өңірінде жалғасын тапты. Семинарларды спорт комитетіне қарасты ұйымның тәжіриелі мамандары жүргізеді. Осы шараға облыстан 158 адам қатысуға ниет білдірген.
Шараға қатысып жатқан білікті мамандар салаға қатысты тақырыптарда теориялық дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргізіледі. Семинар соңында арнайы сертификаттар табысталады.