«Казцинк»ЖШС мен облыстық әкімдік аймақтағы денсаулық сақтау саласын бірлесіп дамыту туралы екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Меморандум аясында Риддердегі аурухана бірнеше заманауи медициналық құрал-жабдықпен толықты. Жаңа құрылғыларды сатып алуға өңірдегі ірі өндіріс орны 100 млн.теңге көлемінде қаржы бөлген.

Риддерліктер ауруханаға орнатылған жаңа құрал-жабдықтың игілігін көріп үлгерген. Дәрігерлер тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп жатыр. «Казцинк» ЖШС мұндағы мекемеге тыныс алу аппараты мен түрлі зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік беретін жабдықтарды орнатқан.

Жергілікті ауруханаға медициналық құрал алу туралы ұсыныс риддерліктер тарапынан көтерілген. Осылайша олар өткен жылы ұйымдастырылған «Арман қала» әлеуметтік акциясы аясында қажетті жабдықтардың тізімін ұсынған.

Сала мамандары жаңа жабдық емделушілерге медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға жол ашылды деп отыр.

Алдағы уақытта да «Казцинк» компаниясы Риддер қаласын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыра бермек.